#BTS_FANFIC_QRF                          ❗NEW FANFIC❗                             ♨️ ПАРАЗИТ ♨️ Басты кейіпкер: Кан С/а. Қосалқы кейіпкерлер: Ким Тэхён, Чха Ын у, Пак Чимин, Чха Чэвон, Чон Чонгук, Кан Ёль және т.б. Жанр: комедия, драма, романтика. Бөлім саны: ?¿ Авторлар: #Кэтлин_Лау & #Calvin_Klein 1-бөлім. «Қанша жүз болса да – бір арқа сүйер» Сеулдің қараңғылық пен толымсыз күйге ұшыраған кештерінің бірі. Аспанда бір-бірімен ұшырасып, торуылдаған сұрғылт бұлттар. Құдайдың құтты күні жаумаған жаңбыр бүгінгі күннің сәтсіздіктерімен келісіп алғандай, құя кетті. Күрт өзгерген ауа-райының тосын сыйына қарамай, соңғы тапсырысты қалай да болсын жеткізудің қамын жеп, бәйек болдың. Сонда жұмыстағы жас жігіт: — Әй, С/а! Мынандай жаңбырда қайда барасың? Тапсырыс берушіге ертең таңертеңгісін жеткізетініңді ескертермін. Ал, қазір үйіңе қайт. Жарай ма? - деді, шылымын тұта алмай, қайта-қайта оттықты тұтатып. — 15 минут маған жеткілікті, - деп, тапсырыс жәшігін мотоциклдің жүк салғышына орналастырдың. — Қайдағы 15 минут? Ол ауданға жету үшін шамамен жарты сағаттан көп уақыт кетеді. Сен өзі жолды көрдің бе?! Көп сөйлемей, қайт үйіңе. — Йа! Жеткіземін дедім ғой! - оның сөздеріне көңіл аудармастан, мотоциклді оталдырып, жүріп кеттің. — Айгуу! Айтқан сөзді елесе бір жөн ғой. Өзі қандай дөрекі еді, - ақыры дегенде темекі түтінін ішке тартып, бір қолын қалтасына салды да, шағын ғимарат есігінен ішке еніп кетті. Кан С/а — 24 жаста. Орта бойлы, қысқа толқынды шаштар, Кореяның стандартына сай нәзік тері иесі. Әзірге осыған "шүкір" дей тұрыңыздар. Алда талай түсіндірмелер болатын болады. Қатты жылдамдықпен жүйіткіген мотоцикл, бағдаршамның ең қауіпті сары түсінде де өз ептілігін көрсетіп үлгерді. Бірақ бұл бүткіл тағдырыңмен тәуекел етуден тұратын еді. “Өмірдің өзі — тәуекел етуден тұрады” деген қағиданы ұстанатын сен үшін бұл — тек адреналин болып қана көрінді. Айтқаныңдай-ақ, 15 минут екен, арысы не берісі не межелі мекен-жайға келіп жеттің. Мотоциклден түсіп, жүк салғыштан тапсырыс жәшігін алған күйі, биіктігі көкпен теңесетін көпқабатты пәтердің ғимаратына кіріп кеттің. Жедел сатыға мінген бойда көп ұзамастан, 412-ші пәтердің алдында болдың. Үсті-басың малмандай су. Басыңда қызғылт-көк түсті шлемің болды. Бойың бір қарыс десем де артық етпес еді, әйтеуір, өз күніңді өзің көріп жүрген бір тіршілік иесісің ғой. Пәтерді біраз қағып тұрып, ақырын күрсінген едің. Жеңіл қағылған есік тоқылы мен қоңыраушысы, үй егесін шығаруда қауқарлы болмағандай. Кішкене жұдырығыңды түйіп, есікті сабырсыздықпен дүрс-дүрс соқтың. Тұрғаныңа бірер минут өтті, саңырау да еститін уақыт болды ғой. Тағы да терең тыныс алып, есікті бір тептің. Сол-ақ екен, құлағына жан біткендей, үй егесі де төбесін көрсетті. Есік ашылысымен үй егесі басын сәл сұғып қараған еді, сен дереу: — Сәлеметсіз бе, мырза?! Бұл Сеул жеткізу орталығынан. Сіздің тапсырысыңыз, міне, - дедің қолыңдағы тапсырыс жәшігін көрсетіп. Менмендік пен тәкаппарлығы түріне шыққан, сығыңқы көзді кісі: — Сен 2 минутқа кешіктің! — Мырза, бүгін... — Сен “15 минутта” деп уәде еттің. Ал бұл не? Егер жұмысыңды дұрыс орындай алмасаң, неге жалған жарнама жасайсың?! — Не? — Мен тапсырыстың құнын төлеуден бас тартамын. Жеткізу қызметі өз істеріне тым салғырт қарайды екен, - деп, қолыңдағы жәшікті жұлқып алды. — Мырза, тоқтаңыз. Сонда, сіз ақысын төлемей, тапсырысты жайдан-жай алмақсыз ба? - көздерің бедірейіп, өзіңді ұстауға тырыстың. — Ей, сен ақымақсың ба? Әлде, бұл туыла біткен дарын ба? - дей, бір миығымен ыржиды. Сен тіпті не деріңді білмедің. Ішкі түйсігің шырмаланып, оны ұрып-жық дейтіндей. Бірақ оған оның өзі аздық ететін сияқты. Сонда да барлығын сөзбен шешуге болады деп тұжырымдап, іштей: “Ақымақты айнадан көресің, сұмырай! Сенің жасыңды сыйлайын бұл жолы” дедің де: — Йа! Саған 10 секунд беремін. Сен не мынаның ақысын төлейсің. Немесе сені өлімше етіп ұрып-жығамын. Түсінікті ме? - дедің де, есікті айқара аштың да, бір қолыңмен есікті ұстап, бір қолыңмен беліңді таянып тұра қалдың. — Хах! Мынаны қара! Мына сен, мені ұрмақсың ба? - деп, күлкіге масайған ер адам, біраз жыпылықтады да: — Йа, қайыршы неме! Біз секілділерден бес-он тиын-тебен тапқандарыңа мәз болып жүрсіңдер ме? Қандай аянышты, қайыршылар, - деді, менсінбей. Сен қанша тырысып бақсаң да, тағы да ақылға жеңдірмек болып: — Сен керемет едің тегі. Ақылды болсаң, айдаладағы бізге емес, мына ат шаптырым жердегі дүкенге барып алуыңа болар еді. Бірақ қайдам... Сен секілділер аяғы бар, сау адам болса да, мүгедектен артықшылығы жоқ! — Не? Не айтып тұрсың? - сенің сөздерің шамына тиіп кеткендей, тасып сала берді. — Маған сенен көк тиын да қажет емес. Саған жақсылық жасайын деген ойым бар. Өтінемін, сол ақшаны жақсы клиникаға барып, емделуге жаратарсың. Сүмелек! - деп, жұдырықпен мұрнын бұзып, есікті тарс жауып кеттің. Түнгі екілер шамасы еді. Барлық тапсырысыңның есебін беріп, бүгінгі жалақыңды қолма-қол ала алдың. Сөйтіп, үстіңе сырт киіміңді ілген бойда, мотоцикліңе отырып, үйіңе қарай жол тарттың. Бүгінгі күннің сәтсіздігі — бай бағыландардың менмендігі, ащы тілмен жалатылған жара беті, барлығы адам төзгісіз еді. Ойыңды лас жаңбырдың екпінімен жуып, жылдамдықты жоғарылаттың. Адреналинің қайнаған, керемет сезіміне батып кету үшін газ педальын табандылықпен басып, барлық сезімдерді ұмыт қалдыра алдың. Әне-міне дегенше, ескі ғимарат алдына тоқтап, домофонды басу арқылы ішке енген едің. Ескі ғимарат ішінен сасыған көгерулер мен қоныстанған құстардың тезек иістері, мұрынды жайлы күйге бөлемейтіні анық. Әйтеуір дегенде деміңді ішке тартып, алтыншы қабатқа көтерілдің. Сондағы көрініс көңіл көншітерлік емес еді. Миыңда жаңа байламдар, қаныңның қарайып, аяқ қадамдарыңның дыбысы үдетіліп, сол жұлым-жұлымы шыққан есік пәтерінің алдына тоқталдың. Бір сәтке: “Бұл қалай?” деген қысқаша сөз санаңда жаңғырып тұрды. Көз алдыңда киім-кешектер мен заттарың көл дария болып жатқан еді. Көзіңді әлсін-әлсін жұмып, пәтердің ішіне адымдап кіргенде, үй құбыры жарылып, субұрқақ секілді жан-жаққа атылып жатты. Сол су үйді жайлап, еден де құрғақшылықты ұмытқандай. Арғы бөлмеден сықырлаған дауыстар естіліп жатты. Іштей “Бұл тек үй иесі болмаса екен” деп ойыңды жиып болмай, су құбырын жөндей алмай, сабылып отырған үй иесінің өзін көрдің. — Айгуу, бұл үйде адам тұрмайды ма десем... Қайдан ғана тап бола қалдың? - деді, сені көрген бойда көкірегі баршылық, қолын беліне таянған әйел, сұңқылдаған кәрі құтандай. — Ханым, біз... — Үніңді өшір, сары қаншық! Бұл үйді сендерге аманаттаған едім. Аяғыма бас ұрып, жалбарынып келгендерің естеріңнен шығып кеткен-ау, шамасы. Үйде су құбырын ашық қалдыруға болмайтынын бес жасар бала да біледі емес пе? Ал, бұл не? Тіпті су құбырын қатты екпінде қалдырғаны соншалық, міне жарылып кетті. Енді бұның ақысын кім төлейді? — Ханым, кешірім сұраймын. Анам ұмытып кеткен болуы керек. Су құбырының ақысын міндетті түрде төлейтін боламыз. — Ха-ха! Мына тамағына әзер бес-он тиын тауып жүрген, тіпті пәтердің ақысын төлемегеніне 3 ай болған, сендер төлемексіңдер ме? — Өтінемін сізден, әзірге мынаны ала тұрыңызшы, - деп, қалтаңдағы бес-алты қағаз ақшаны шығарып, әйелдің қолына ұстатпақ болдың. Кәрі құтан ақшаны су басқан еденге лақтырып, бетіңе жекіп сөйлей: — Ей, сонда мына ақшамен жағдайдың алдын алып, жай көзбояушылық жасамақсың ба? Қоя ғой, айналайын. Сендер мені шаршатып біттіңдер. Ақыры үйде тұра алмайтын, жақсылықты түсінбейтін арамтамақтарға бұл үйде орын жоқ. Қоқырсықтарыңды жинап, тайып тұрыңдар, қане! - деген әйел, добалдай аяқтарын әзер басып, бір сымтетіктерді қолымен үзіп жіберді. Сол-ақ екен, үйдің жарығы да, тоқтамастай аққан су құбыры да дер кезінде өшіп тынды. Сәл болсын көмейіңде тосыннан туған ойлардан арыла алмай, дереу жерге тізерлей, суға малынған киімдеріңді сорғалатып жинай бастадың. Көздерің ботадай мөлдіреп әзер тұрған шағыңда, кәрі құтан тағы екі сөзінің бірін айтып болмай: — Сен әлі кетпегенсің бе? Құры дедім ғой саған! - деп, сені есіктен шығарып жібере, дереу оны іштен жауып алды. — Ханым, есікті ашыңызшы. Мен киімдерімді алуым керек, - жанталасып, есікті қайта-қайта ұрдың. — Пәтер ақысын төлеген кезде ғана заттарыңды аласың. Ал оған дейін бұл үйдің маңына да жолаушы болма. Ашу-ыза кернеген жан дүниең алай-дүлей болып жатты. Жеті түнде кім есігін ашып, сені құшақ жая қарсы алар екен?! Жаңбырмен араласа біріккен жел, арқаңнан ұрып, сорғалаған көз жасың ащы жаңбыр суымен араласып жатты. Бұндай ауыр ауа-райында жаяу жүруге мүмкіндік болмады. Ғимаратқа жақын жердегі мотоцикліңе отырып, есің ауған жаққа тарта бердің. Уақыт та тапжылмай бір орында тұрмайды ғой. Сағат тілі үшті көрсетуде, ал сен бейқам жүріп, Сеулдің ірі бұрылыстарының бірінде орналасқан үлкен жекеменшік үйге келдің. Үй емес тап бір вилла секілді. Сыртқы көрінісі ауыз ашарлықтай тым кербез сұлулықпен қапталғанымен, іші одан екі есе керемет әрі жаңаша тұрғыда еді. Бұл жерге қай бір жел айдап келгені белгісіз. Әйтеуір, саған жақын біреудің бар екені белгілі еді. Қолыңа шлемің мен мотоцикл кілтін суымен сорғалатып, қақпа алдына келдің де, бейнекамераға қарап кілтіңді жыбырлаттың. Сенде ішке кіретін кілт бар екен. Бір пәтердің жарығына зар болып жүрген сенің, көз алдыңда қаншама жерде жарықтар қосулы тұрды. — Ысырап дегеннің не екенін білесің бе өзі? - деп, іштей көреалмаушылық қасиетің аздап қосылып кетті. Үй іші мүлгіген тыныштық. Тап бір мазар секілді. Тіпті шыбынның ызыңы да естілмейді. Түнде шыбындар қайдан болсын, ха-ха! Кенет арғы жақтан бір дауыс жаңғырып: — Айгуу, кімнің келгенін қараңдар? - деп, күлімсірегені есті кетіретін жігіт, беліне сүлгі оранған күйі төмен түсіп келеді.   Бұл — Чха Ын У. 27 жаста. Сенің апаңның інісі, яғни нағашы ағаң болып келеді. Ұзынша бойлы, аққұба реңді, кез келген бойжеткеннің идеал типі бола алатын жақсы қасиеттері мен келбеті келіскен жігіт. Түннің бір уақытында су процедураларын қабылдайтындай ол сонша немен айналысты екен?... Жүзіңде қуаныштың бір ұшқыны жоқ сен: — Әлі жатпағансың ба? — Сенің келетініңді біліппін бе?! Түнделетіп қайдан жүрсің? — Қайдан болушы еді, жай сені көруге құштарлығым оянып, аяғым осында тартып келген түрім. — Түнгі үште ме? - сөзіңе сеніңкіремей. Сен бірқалыпты: — Болмай ма не? М? - деп есік маңынан бірер қадам басып, шылқыған су заттарыңды сол жердегі сөреге қоя салдың. — Чэвон әпкем үйде жалғыз қалған болар. Ол кісіні де көрмегелі көп уақыт болыпты, - деді де, лезде креслоға аяқтарын айқастырып керіле кетті. Сен мырс етіп: — Сағынсаң келмейсің бе? Сені біз ғана іздей беруіміз керек пе? — Енді... — Әлде, біздің ауданға баратын жолдар жабылып қалған ба? - тістеп сөйледің. Ыну ыңғайсыздана: — Олай емес. Соңғы уақытта жұмыстан қолым тимей кетті. Апаңдар қалай? Сен жоқта жалғызсырап жүрген жоқ па? — Ай, қайдам. Ол өзін жалғызсыратып қайтсін? Әрине, өзіне керек адамның жанында. — Отырсаңшы, түрегеліп тұрма, - езу тартып. Сен де осы сөзді күткендей: — Сені айтпайды ма деп, күмәндана бастап едім. Әп, бәрекелді! - деп, жұмсақ диванға жамбасыңды иіскеттің. Ыну: — Мына киімдерің не? Сен өзі әлі жеткізу қызметінде істеймісің? — Жоқ-ей! Мен ол жерден шыққалы қашаан. Қазір мен қаржы министрімін. Естіп пе едің? Ыну басын шайқап: — Жоқ. — Теледидар қарамағансың ғой. Сол министрлер қазір осылай киінетін болған. Мен де қаламын ба деп, киіп алдым, - деп, аяғыңды үстелдің үстіне шығарып алдың. Ыну күліп: — Солай ма? Жұмыс демекші, мен саған "жұмысыңды таста" деп едім ғой. — Мен үйде отырсам бала-шағамды кім асырайды? — Сен әлі бойдақсың ғой. — Мысалыға деп жатырмын да. — Сонда да сөзіме құлақ асуың керек еді. — Есің дұрыс па? Енді алма піс, аузыма түс деп жатайын ба? Мені өзің асырай алатындай, немен айналысып жүрсің? Түріңе қарасам, бай әйелдің етегінен ұстап алғаннан саумысың, а?! - деп, қарқылдап күлдің. Жігіт сенің дәл тапқаныңа бір қысым болды да қала: — Жақсы, дәл таптың, - деді еш эмоциясыз. Күлуіңді сап тиып: — Қойшы, саған кім қарайды?! Мен расымен сұрап тұрмын. Бұлай әзілдемеші, мен қазір сеніп қаламын, - деп, күле арадағы тыныштық аурасын бұздың. Ыну біраз тұрып: — Компанияда сату бөлімінің басшысымын, - деді. — Аааа? Қашаннан бері? Мен қанша жыл ұйықтағанмын өзі? Демек, ақшаң көп пе? Йаа, садақа жасау ойыңда жоқ па? - дедің асқан қызығушылықпен еркелей сөйледің. Ыну әдемі күлімсіреп: — Егер қаласаң, былай-ақ беремін ғой,- деді мейірім танытып. — 100 доллар жетеді, - дедің, үзілді-кесілді нақты сомманы айтып. Ыну: — 100 доллар? - таңдана. — Не? Көп пе? Жақсы, онда 50 доллар да бола береді. Қалғанын өзім табамын. — Жо-жоқ. Мен көпсініп отырғаным жоқ. 100 долларды қайтпексің? - 100 доллар неге жетеді дегендей, азсынып тұр ғой былайша айтқанда. — Оны қайтесің біліп? Берсең “берем” деп айт. Білесің ғой, мен жаман үміттеніп қаламын, - көзіңді қысып, қонақтарға арналған жатын бөлмеге қарай кетіп барасың. Ыну сенің әрбір қозғалысыңа, әрбір сөздеріңе ұйып қараумен болды. Бұл тегін емес еді... « 1-інші бөлімнің соңы...»